Әлемдегі COVID-19 ахуал қайта ушықты

Сентябрь 26, 2020 | 162 |

Індет әсіресе Еуропада күшейді. Ұлыбритания мен Францияда соңғы тәулікте жаңа деректер саны бойынша «антирекорд» тіркелді. 

E-GAZET.KZ.  Чехияда бір күнде көз жұмған науқастар саны артты. Көрші Ресейде де тәуліктік өсім маусымдағы көрсеткіштерге жетті. Сарапшылар оның бірнеше себебі барын айтады. Біріншіден, қазір жасалатын тест саны көбейген. Екіншіден, жұрт демалыстан оралып жатыр. Оның үстіне мектептер қайта ашылып, балалар сабаққа, ал олармен отырған ата-ана жұмысқа шықты.

Ресейдегі тәуліктік өсім маусымдағы көрсеткіштерге қайта оралды. Елде бір күнде 7200-ден аса жаңа дерек тіркелді. Мәскеуде ауруханаға жатқызылатын науқастар көбейген. Соңғы аптада олардың саны 30 процентке артқан. 10 шақты күн бұрын қала басшысы алаңдауға негіз жоқ екенін айтқан еді. Алайда жағдай өзгеріп шыға келді. Негізі, қазір елде тест көп алынады. Билік жаңа оқиғалардың артуы осыған байланысты дейді. Сондай-ақ қатаң шектеу шаралары алынып тасталғасын, тұрғындар өзге өңірлерге демалуға кеткен. Бұл да эпидемиологиялық ахуалға әсер етпей қоймады. Оның үстіне сарапшылар ахуалдың ушығуын мектептер мен университеттердің ашылуымен де байланыстырады. Сондықтан Мәскеуде келесі аптаның басында жаңа шектеу шаралары енгізіледі. Қала басшысы 5 мың жергілікті компанияға қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіру туралы ұсыныс дайындаған.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин: "Жасы 65-тен асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер мен созылмалы ауруы бар тұрғындардың қашықтан қызмет еткені немесе демалыс алғаны жөн. Қажет болса, оларға еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Алайда сізге міндетті түрде кеңседе отыру керек болса, онда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауыңыз тиіс. Біз вирусты әлі жеңген жоқпыз. Сондықтан тәртіп пен жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды" деді.

Ұлыбританияда өткен тәулікте 6 мың 600-ден аса жаңа дерек расталды. Бұл – эпидемия басталғалы корольдікте тіркелген рекордтық көрсеткіш. Соңғы аптада тәуліктік өсім екі есеге артқан. Бірер күн бұрын премьер-министр ахуалдың ушығуына байланысты жаңа шектеу шараларының енгізілетінін жария еткен. Енді елде тотптасып үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін өткізуге болмайды. Кеңсе қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіруге кеңес берілді. Барлар мен мейрамханаларға түнгі оннан кейін жұмыс істеуге тыйым салынды.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Поделиться ссылкой
О том, как поделиться

Мы в социальных сетях