• Басты бет
  • Өзекті
  • Коронавируспен күреске 154 млрд жұмсағандар енді 238 млрд сұрайды

Коронавируспен күреске 154 млрд жұмсағандар енді 238 млрд сұрайды

Қараша 05, 2020 | 85 |

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коронавирусқа қанша ақша жұмсалғанын мәлімдеді. Халықтың денсаулығына жауапты ұйымның санағынша инфекциямен күреске 154 миллиард теңге кеткен. Оның көп бөлігі дәрігерлердің жалақы үстіне қосылған үстемақыға, ПТР тесттерге, мобильді бригада жұмыстарына бөлінген, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

E-GAZET.KZ.  Пандемияның бірінші толқынында елдің денсаулық сақтау саласы абдырап қалғаны белгілі. Сонда қазақстандықтардың көкейінде "миллиардтар қайда кетті" деген сұрақ туындағаны рас. Ақыры жауапты мамандар былай деп жауап қатты.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" ресми мәлімдемесі:

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» коронавируспен күреске 154 миллиард теңге бөлінді. Наурыз бен қыркүйек аралығында 135 миллиардын жұмсадық. Оның 81,3 миллиард теңгесі дәрігерлердің жалақысына қосылған үстемақыға, 24,5 миллиарды - індет өршігенде провизорлық және карантиндік стационарларда жатқандардың еміне, 18,8 миллиард теңге амбулаториялық жағдайда ем-дом алғандарға жұмсалды. Сондай-ақ мобилді бригадаларға 1 миллиард теңге, ПТР тестілеуге - 10,7 миллиард және үйде емделгендердің жағдайын білу үшін қоңырау шалып, бейне кеңес берген дәрігерлерге 9 миллион теңге шығындалды".

154 миллиард теңгенің 135 миллиарды өз орнын тауыпты. Қош дейік. Бірақ әлі 19 миллиард теңге бюджетте қалуы тиіс. Олар қайда?

Забира Оразалиева, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" Жеке және заңды тұлғалармен жұмыс істеу департаментінің басшысы:

Бәріне де қызықты сұрақ. Бұл қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Сондықтан қанша қаражат қалса да, жұмсалмайды. Ол қаражаттың бәрі соның еншісінде. Ол қажет болған кезде, бюджеттен бөлініп тұрады.

Қош, бірінші толқыннан өткендейміз. Өкінішке қарай, коронавирус пен оның белгілері бар пневмониядан 2 262 көз жұмды. Инфекцияны жұқтыру фактілері соңғы аптада күрт артуда. Сондықтан болар, билік «дәліздерінде» індеттің екінші толқыны жайлы жиі айтылуда. Мысалы, аталмыш қордың басшысы Болат Төкежанов өткен айда инфекцияның екінші кезеңіне дайын болу үшін стационарларда төсек орнын, мобилдік бригадаларды көбейттік, ПТР тесттерінің санын арттырдық деген еді.

Болат Төкежанов, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" Басқарма төрағасы:

Осы қордың тарапынан біз осы екінші кезеңге дайындық барысында қажетті қаржаттарды көздеп, оның бәрі біздің бюджетте қарастырылған.

Ал, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжілісте коронавирустың келесі толқынымен күрес үшін 238 миллиард сұрады.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

Бірінші карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 миллиард теңгеге қосымша ақы төлеу. Екінші тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 83,2 миллиард теңге. Үшінші ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақылар төлеуге 11,7 миллиард теңге жұмсалады.

Демек, 238 миллиард теңгенің басым бөлігі дәрігерлер жалақысына, сосын карантин күшейсе, тәртіпті бақылайтын полицейлерге төленбек.

МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ҚҰР ҚАЛМА!

БІЗДІҢ TELEGRAM-ҒА ЖАЗЫЛ!

Өзге де өзекті мақалалар:

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: