Қазақ қызы Eurovision байқауының күміс жүлдегері атанды

Қараша 30, 2020 | 371 |

Қазақтың қаршадай қызы Қарақат Башанова ән байқауында күміс жүлдегер атанды.

E-GAZET.KZ. Қазақтың қаршадай қызы Қарақат Башанова Junior Eurovision байқауының күміс жүлдегері атанды. Сағыныш сезілген әнін әкесіне арнаған Қарақаттың үні халықаралық сарапшылар мен қалың көрерменнің жүрегіне жол тапты. Гранд финалда франциялық әнші Валентина жеңіске жетсе де, ән әлемінің аспанында Қарақат Башанованың жұлдызы жанды. Миллиондаған көрермен онлайн тамашалаған әннің драмматургиясы өзгелерден дара шықты. Қарақаттың әуелеткен бұл әні бес бұрын дүниеден озған әкесіне арналды. Әуеннің авторы Хамит Шаңғалиев қаршадай қыздың сағынышын сезініп, бұл сазды бір демде жазып шыққанын айтады. Себебі Қарақаттың күйін ол да кешкен еді. Ол да тура бес жыл бұрын әкесінен айырылған. Байқау аяқталғаннан кейін есін жиып, толқыған көңілін баса алмай сазгер біраз отырды. Сазгер Хамит Шаңғалиев: "Шынайы шыққан ән. Тарихы бар ән ерекше. Бөлек шыққан ән. Білмеймін, Қарақат осы бір әнді өзі тауып алғандай. Осы әнді бойымнан суырып алғандай. Өте қатты қуандым, Қарақатқа ризамын", - деді. 

Сазгердің риза болатындай жөні бар, өйткені кіл мықтының ішінен Қарақат Башанованың өнері көпшілікті бей-жай қалдырмады. Грузия мен Ресейдің музыкалық сарапшылары қазақтың қызына толық 12 ұпайын берді. Дегенмен гранд-финалдың текетіреске толы болғаны соншалық, соңғы сәтке дейін кімнің бағы жанатынын ешкім білмеді. Осылайша, сазгердің шығармасы биыл екінші жыл қатарынан Қазақстанның қоржынына күміс жүлдені алып берді. Кіл мықты қатысқан еуропалық байқау деңгейінде бұл – үлкен жетістік, нағыз жеңіс.

Junior Eurovision 2020 байқауының күміс жүлдегері Қарақат Башанова: "Қазақ елінің жеңісі, қазақстандықтарға дауыс бергендері үшін мың алғыс. Мен үшін орын алу маңызды болған жоқ. Себебі мен үшін ең маңыздысы – әнді жеткізіп айту", - деді. Дарынды жеткіншектің сахнада жарқырап шығуына септескен шығармашылық топтың жадында 30 қараша ерекше күн ретінде сақталады. Өйткені еліміздің өнер сахнасында ғана емес, халықаралық деңгейде жаңа бір жұлдыздың есімі жанды. Қарақат Башанованың өнер жолында қанатының талмауын тілейміз.

МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ҚҰР ҚАЛМА!

БІЗДІҢ TELEGRAM-ҒА ЖАЗЫЛ!

Өзге де өзекті мақалалар:

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: