ҚазҰУ-да өткен сәттерім...

Желтоқсан 10, 2020 | 585 |

«Тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір» -деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Жанның бәр іжарысып өмір сүрген заманда білімділер тасы өрге домалап тұр. Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас демекші адам баласы анадан туғанда біліп тумайды. Ізденеді үйренеді, белгілі бір дәрежесіне жетеді

E-GAZET.KZ  Мен де осы жолда өз шығар биігіме ақырындап басып келе жатырмын. Мен сонау Алтайдың арғы бетінен Монголия жерінен ата-жұртымды аңсап келіп, білім нәріне сусындап жүрмін. Енді осы тұста атамекекенге қалай келгенімді баяндап берсем.  

Мен бірден қазақстандық студенттер секілді жоғарғы оқу орнына түсе алмадым. Алдымен, Семей қаласында Шәкарым атындағы Университетінде дайындық бөлімін оқыдым. Осы жерде кешенді тестілеу тапсырып, қажетті дәрежеде балл жинадым. Содан кейін ғана универ таңдау мүмкіндігі бұйырды. Жақындарыммен қандай оқу орнын таңдау керек деп ақылдасып, ғаламтордан білім деңгейі сапалы оқу орнын іздей бастадым. Көп ақпараттың ішінен ең үздік болып көрінгені,  маған қатты ыстық болып маңдайыма оттай басылғаны, білім ордаларының қара шаңырағы атанған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті болды. Ең қызығы, таныстарым таңдауымды қолдаудың орнына, мұндай оқуға түсуге мүмкіндігімнің аз екенін айтып, тіпті кейбіреулері мазақтағандай көрінді. Мен тек өзіме сендім. Жүрегімді тыңдадым.

Ақыры бір шешімге келіп, ҚазҰУ-ды таңдауда тұрған оқу орындарының арасынан бірінші жаздым. Үмітім алдамапты. Тағдыр маған тамаша тарту жасады. Бағыма орай Филология факультетіне түстім. Ал енді қызық басталды...

Алматыға келдім, аспаннан түскендей сезімде болдым. Ішкі жан дүнием алай-дүлей. Өзіме қайта-қайта қателесе беретіндей көрінемін. Алматыдағы алғашқы әсерімді қағазға түсіру мүмкін емес. Алғаш рет университетке құжат тапсырғалы барғанымда алып қалада өзімді жоғалтып алғандай сезіндім.

Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенді көргенімде жұдырықтай жүрегім дүрсілдеп орнына әзер түскенедей көрінді. Сонда ғана мен өзімді тапқандай болдым. Сонда ғана мен таңдауымнан қателеспегенімді ұқтым. Қазақстанда студенттерге осыншама жағдай жасалғаны таңқалдырды. Білдей бір арнайы қалашық. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорт кешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр. Осының бәрін көзіммен көріп көңілім көтерілді.  Кеудемді «бұл- менің отаным! бұл-менің Атамекенім» деген мақташын сезімі кернейді. Өзге елге туған қазақтар үшін атамекеннің әрбір жетістігі, кішкентай жеңісінің өзі бізге зор қуаныш, сенім сыйлайды.  

Куратор апайымызбен танысып, группаластарымызбен алғашқы кездесуіміз өтті. ҚазҰУ-дың әрбір студенті бір-бірін көргенде құшақ жая сәлемдесіп, қол алысады екен. Менің шетелден келген қазақ екенімді естіген студенттер маған жылы қабақ танытып, орталарына тез қабылдады. Шынымды айтсам мен мұндай қамқорлықты күтпеген едім. Студенттердің өзі осындай мейірімді екенін көріп риза болдым. Қатарластарыммен достасып, орталарына тез сіңісіп кеттім.

Универіміздің тағы бір ерекшелігі бірінші курс студенттерін Ұйымдар жәрмеңкесіне шақырады. Ондағы әрбір ұйымның ерекшелігі бар. Бір ұйым көмек жасайтын болса, тағы бір ұйым универдегі іс-шараларға жауапты болады. Ұйымдардың бәрі бірдей жұдырықтай жұмылып, жақсылықпен ізгілікке жарыса жүгіреді. Осындай керемет жандарды көргенде жігерленіп қалатынымды айтқым келеді. Қазақстандық жастар ел ертеңі. Олардың болашаққа күрескерлікпен, жігермен қарауы болашағымыздың жарқын екеніне сендіретіндей. 

Міне Монғолиядан келген кішкентай ғана қандасын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осылай қарсы алды. Шетелден келіп, атамекенімде оқуға түскеніммен мақтанамын.   

Мақала авторы:
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және
әлем тілдері факультетінің 2 курс студенті Ғибырат Айгерім
 
Әдеби кеңесші:
Рамазанов Талғат Бекболатұлы. Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің оқытушысы, докторант.

МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ҚҰР ҚАЛМА!

БІЗДІҢ TELEGRAM-ҒА ЖАЗЫЛ!

Өзге де өзекті мақалалар:

 

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: