Праймеризге қатысушы кәсіпкер Мұхтар Зулеев: Кәсіпкерлік – Қазақстанды мұнайға тәуелділіктен құтқаратын күш

Тамыз 24, 2020 | 3492 |

Праймериз – партия ішіндегі білікті азаматтарды іріктеп, депуттатық және басқа да партия жұмысына байланысты лайықты орындарға дайындау. 17 тамызда Nur Otan партиясының празмеризіне құжат қабылдау басталды. Алғашқылардың бірі болып құжат өткізген белсенділер ішінде ел игілігі үшін жұмыс істеп жүрген азамат Мұхтар Зулеев те бар. "Good Food KZ" компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Мұхтар Зулеев праймеризге не себепті қатысып жатқанын, болашақта қандай мәселені көтеріп, оң шешімін табуға себепші болатыны жайында айтып берді.

е-: Мұхтар Махамбетұлы, әңгімемізді Nur Otan партиясына мүше болып қабылдануыңыздан бастасақ, қай уақыттан бері партия құрамындасыз?

Мұхтар Зулеев: 2020 жылдың көктемінде, пандемия басталған кезде, партияға мүше болып қабылдандым. Осы елдің азаматы болғандықтан, кәсіпкер болғандықтан халықтың мұң-мұқтажын әлеуметтік желі арқылы көріп, шамам келгенше көмек көрсеткім келді. Пандемия басталған кезде барлығы карантинде болды, үй-үйді аралап көмектесу мүмкін емес еді. Сол кезде Nur Otan партиясының Алматыдағы офисіне хабарласып, қалай көмек көрсетуге болатынын сұрадым. Ол кісілер менің партияға мүше емес екенімді білген соң, қосылуға ұсыныс тастады. Мен келістім. Не дегенмен партияда мұқтаж жандардың, тұрмысы төмен отбасылардың тізімі бар, жиналған азық-түлікті діттеген орнына жеткізумен айналысатын еріктілер де бар. Пандемия кезінде азаматтарға көмек көрсету үшін партияға мүше болдым десе де болады.

е-: Білуімізше, негізгі мамандығыңыз – заңгер. Бастапқыда бизнес саласына қалай келдіңіз?

Мұхтар Зулеев: Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жетісай қаласында туып өстім. 1999 жылы Алматы қаласында заңгер мамандығына оқуға түсіп, оқуды аяқтаған соң банк саласында бірнеше жыл жұмыс істедім. 2009-2012 жылға дейін металл сататын компанияда атқарушы директор болдым. 2012 жылдан бастап бизнес саласына, кәсіпкерлікке бет бұрып, шетелмен жұмыс істей бастадық. Бастапқыда серіктестеріммен шетелдік нан өнімдеріне дайындауға қажет ингредиенттерді Қазақстан бойынша жеткізумен айналыстық. Осы уақытта бизнеспен қатар Ресей Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясында халықаралық құқық бағдарламасы бойынша оқып, магистратураны бітірдім. 2015 жылы теңгенің құнсыздануына байланысты шетелмен жұмыс істеу  тоқтады. Сосын досым екеуіміз наубайхана аштық, ол ісімізді 2018 жылға дейін бірге жүргіздік. Досым басқа салаға бет бұрған соң, өзім "Good Food KZ" компаниясын ашып, нан және кондитер өнімдерін шығаруды қолға алдық.

е-: Ал праймеризге қатысуыңызға не себеп болды?

Мұхтар Зулеев: Кәсіпкерлік десе, көпшіліктің көз алдына қалталы азамат елестейді. Шын мәнісінде, кәсіпкерлік, күнделікті тынымсыз еңбекпен айналысу және үнемі рисктермен күресу дегенді білдіреді. Кәсіпкерлік -- өзіңді ғана емес, өзгені де жұмыспен қамту, қазынаға салық төлеу деген сөз. Қазір ешкімге оңай соғып тұрған жоқ. Мәселен, менің компаниямда 25 адам жұмыс істейді. Коронавирустың әсерінен дүкенімізде сауда көлемі азайды. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың санын қысқарту туралы сұрақты туғызды. Десе де ұжыммен бірге тығырықтан шығудың жаңа жолдарын іздеп, 25 адамның бәрінің жұмысын сақтап қалдық. Енді Алматы қаласының көлемінде алып қарайықшы. Қалада 174 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын компания бар. Олардың қаланың ішкі жалпы өніміндегі үлесі – 40%. 600 мыңға жуық адам осы салада еңбек етеді. Менің ойымша, кәсіпкерлік – Қазақстанды мұнайға тәуелділіктен құтқаратын күш. Өкінішке қарай, қазір сол 174 мың кәсіпорындағы барлық жұмыс орнын сақтап қалу мүмкін болмай отыр. Қала басшылығы болып, кәсіпкерлер қауымдастығы болып кризистен шығудың, кәсіпкерлікті дамытудың жолдарын бірге іздеу керекпіз деп ойлаймын.

Сондай-ақ мемлекеттің шағын және орта бизнесті жаңғыртуға, дамытуға бағытталған көптеген бағдарламасы бар. Оларды тіпті тәжірибелі кәсіпкерлердің өзі де біле бермейді. Жасыратыны жоқ жақында Инстаграмдағы тікелей эфир кезінде Алматының Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасымен сұхбат барысында осы уақытқа дейін мен де білмеген бағдарламалар туралы ақпарат алдым. Пандемия кезінде шағын және орта бизнес саласы қиналып отырғанын өз көзіммен көріп жүрмін. Мемлекеттің берген көмегіне сүйеніп, кәсіпкер жұмысты дөңгелетіп алып кетуіне, келешекте шағын және орта бизнеске көмек бере аламын деген оймен 17 тамызда праймеризге қатысуға құжаттарымды тапсырдым. Осы уақытқа дейін жинаған білім мен тәжірибені елдің игілігіне асыратын уақыт келді. Елбасы да, мемлекет басшысы да жастардың саяси аренаға шығуын қолдап отыр.

е-: Праймеризде жеңіске жетіп, алдағы сайлауда депутат мандатына қол жеткізсеңіз, қандай мәселеге баса назар аударасыз?

Мұхтар Зулеев: Праймеризге қатысудағы мақсатым – партияның атынан алдағы сайлауда депутаттық мандатты жеңіп алуға тырысып, сол арқылы атқарушы билік пен сайлаушылардың арасындағы, қала басшылығы мен кәсіпкерлер қауымы арасында көпір болуға талпыну. Ең алдымен, мен де сол халықтың ортасынан шыққан, сол ортаның тыныс-тіршілігін білетін, сол ортада өмір сүріп жатқан Қазақстан азаматымын. Менің ойымша, мәслихаттар азаматтардың өз ойын ашық айта алатын, мәселелердің шешімін қызу іздейтін нағыз диалог алаңына айналуы керек.

Екіншіден, бірнеше салада азды-көпті жинаған еңбек тәжірибесі бар, оның ішінде шетелдік компаниялармен жұмыс істеп көрген кәсіпкермін. Алматыда кәсіпкерлікті дамыту үшін негізгі үш мәселені шешуге назар аудару керек деп ойлаймын. Олар: инфрақұрылымды дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлерді дер кезінде дұрыс ақпараттандыру. Кәсібін енді бастап жатқан азаматтар немесе біраз жылдан бері бизнесте жүрген кісілер мемлекеттік органдарға мәселесін айтып жүгінгенімен, сауалы жауапсыз қалып қоятын кезі болады.

Бір сөзбен айтқанда, мақсатым – кәсіпкерлер қиналып жатқан сәтте мәселелерді қала басшылығына дер кезінде жеткізіп, оның шешімін бірлесіп табу жолында қызмет ету. Сол арқылы алматылықтардың өмірін жақсартуға шамам жеткенше үлес қосу. 

е-: Партия құрамына халыққа көмек көрсету үшін қосылғаныңызды айтып өттіңіз. Өзіңіз басы-қасында жүріп атқарылған істер жайлы тарқатып айтып өтсеңіз.

Мұхтар Зулеев: Қазір пендемия кезінде дүние жүзіндегі барлық халық, оның ішінде біздің мемлекетіміз де қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Соған орай кәсіпкер ретінде жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға қолымнан келгенше көмек көрсетіп келе жатырмын.

Карантин енді басталған кезде мемлекет тарапынан табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілді. Алайда бұл тізімге көпбалалы аналар кірмейді екен. Иә, көпбалалы аналар мемлекеттен басқа жәрдемақы алады. Әлеуметтік желіде ол кісілердің неге көмек алмайтыны жиі жазылды. Оның алдында да қолымыздан келгенше мұқтаж жандарға көмек беріп отыратынбыз. Ал дәл карантин уақытында, елге төтенше жағдай жарияланған тұста бұл көмектің ауадай қажет екені белгілі еді. "Good Food KZ" компаниясының наубайханасы бар екені белгілі. Сондықтан он тонна ұн алып, Алматы қаласында 400 отбасыға, оның ішінде көпбалалы аналарға, мұқтаж жандарға Nur Otan-дық еріктілермен бірге барып тараттық. Мұндай көмекті мен ғана емес, көптеген кәсіпкер жасап жатыр. Арыста жарылыс болған кезде де осылай бас көтеріп, бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, бар екенімізді, бір екенімізді көрсеткен болатынбыз. Көмек көрсету әлі де жалғасып жатыр.

е-: Туған жеріңіз Мақтаарал ауданында су тасқыны болған кезде қандай көмек көрсетілді?

Мұхтар Зулеев: Иә, Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де өзім туып-өскен қасиетті туған жерге де көмек қолын создық. Алматы қаласында кәсібін жүргізіп отырған сол жердің бір тумасы ретінде 70 тонна гуманитарлық көмек жібердік. Менің кәсіпорным 20 тонна азық-түлік, киім-кешек жинады. Алматы қаласы әкімдігі 20 тонна, қалғанын кәсіпкерлер қосылып, Nur Otan партиясы мүшесі ретінде осындай көмек жіберілді. Гуманитарлық көмектің басы-қасында болып, Мақтаарлаға жеткіздік.

Айта кету керек, ақшамыз тасып жатқан жоқ, дей тұрғанмен қайырымдылық жасау, қолғабыс ету – қолынан келетін әр азаматтың парызы.

Мұхтар Махамбетұлы, сұхбатыңызға көп рахмет! Сәттілік тілейміз!

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: