Әлем партиялары VS «Нұр Отан» партиясы

Желтоқсан 03, 2020 | 1412 |

Саяси партиялар халық арасынан шығып үкіметке халықтың назын, мұң-мұқтажын жеткізу үшін, елдің елеулі мәселелерін шешу үшін құрылады. Десе де әлемдік саяси аренада тек қана дәстүрлі саяси партиялар емес, естігенде езуіңді жиыратын, көргенде көзіңе «театр» елестейтін партиялар да бар екен.

E-GAZET.KZ.   Мәселен, Канада елінде «Канадалық мүйізтұмсықтар» атты танымал партия болған. Оның негізін 1963 жылы дәрігер, жазушы және публицист Жак Феррон қалаған. Бұл партия отыз жыл бойы эксцентристік науқандар жүргізіп, сайлау алдында керемет уәделер берген. Алайда олар «өз уәделерінде тұрмауға» адал болған екен. "Мүйізтұмсықтар" бүкіләлемдік тартылыс заңын жою және АҚШ пен Антарктиканың бір бөлігін аннексиялау үшін күрескен. Өздерінің сатиралық көзқарастарына қарамастан олар федералды сайлауда ең көп дауыс жинаушы партиялар қатарында болған. Партияның саяси өкілі «кәсіби клоун» дауыс саны бойынша екінші орынға жайғасып, парламенттегі бақандай 120 орынға ие болған. Арада бірталай уақыт өткенде 2006 жылы ескі дәстүрлердің толыққанды мұрагері болып табылатын «Жаңа мүйізтұмсықтар» партиясы тіркелді.

Көптеген сатиралық саяси партиялардан айырмашылығы, «Адал Жұмыссыздар Одағы» Парламенттік сайлауда жеңіске жетті. Бұл партияны 1979 жылы даниялық комик Якоб Хаугард құрды. Оның сайлауалды бағдарламасында Даниядағы ең жақсы ауа-райын жасау, велосипед жолдарындағы желді болдырмау, жаңа жылда ең жақсы сыйлықтар беру және т.б. туралы уәделер болды. 1994 жылы ол күтпеген жерден 20 мыңнан астам дауыс жинап, Парламентте орын алды. Қызметте болған Хаугард өзінің кейбір уәделерін орындады: ол Нутелланы Дания армиясының рационына қосты, қоғамдық дәретханаларды орналастырды және Орхус қалалық саябақтарында жабайы үйректерді тамақтандыруды ұйымдастырды. «Адал Жұмыссыздар Одағы» күлкілі партия ретінде ойластырылғанына қарамастан, Хаугард өз өкілеттігін өте адал орындады.

1940 жылы американдық комедия актрисасы Грейси Аллен, американдық актер және комедия Джордж Бернстің әйелі, өзінің «Тосын сыйлар» партиясының атынан президенттік сайлауға қатысуға шешім қабылдады. Грейси Американы күлкілі саяси сөздермен радиодан сұхбат беріп, американдықтарды АҚШ–тың мемлекеттік қарызымен мақтануға шақырды, өйткені ол әлемдегі ең үлкен қарыз болатын. Аллен партиясының ресми символы тірі кенгуру болды. Грейси Алленнің күлкілі PR-әрекеті күтпеген жерден Мичиган штатының Меномини округіндегі мэр лауазымына орналасу туралы ұсыныспен аяқталды. Президенттік сайлауға келетін болсақ, Аллен кем дегенде бірнеше жүз дауыс жинаған.

Сыра әуесқойларының партиялары. Мүндай партиялар бірнеше елдерде бар, бірақ олардың арасында ең үлкен жетістікке поляктар қол жеткізген. 1991 жылы құрылғаннан бір жыл өткен соң, ол Сеймда 16 орын алды. Оның жетекшісі және негізін қалаушы-сатирик Януш Ревинский болды. Партияның мақсаты - алкоголизммен күресу аясында арақтың орнына сыра ішуді алға жылжыту болды. Польшада коммунизм құлағаннан кейін социалистік жүйені бейбіт түрде бөлшектеу процесі басталды, содан кейін жаңа саяси жүйенің қалыптасуы болды.  Сыра әуесқойлары «жақсы енді болмайды, бірақ ең болмағанда ұмытылмастай болсын" деген фразаны ұран ретінде алды. Кейінірек мүдделер қайшылығына байланысты партия "Әлсіз сыра" және "Күшті сыра" деп екі фракциясына бөлінді, содан кейін Сеймдағы орнын толығымен жоғалтты және таратылды.

Қуанышымызға орай біздің мемлекетімізде мұндай партиялар болған жоқ. Тәуелсіздігіміз тұғырға қонғалы елдің бірлігін сақтап келе жатқан «Нұр Отан» партиясы бар.Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған «Нұр Отан» партиясының азаматтық қоғамда орны бөлек. 

Nur Otan - Қазақстанның президенттік ірі саяси партиясы. 1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен «Отан» партиясы атымен құрылды. 2006 жылы 22 желтоқсанда «Отан» партиясының кезектен X съезінде, «Отан» Республикалық саяси партиясын «Нур Отан» Халықтық-демократиялық партиясы деп өзгерту туралы ұсыныс қабылданып, «Отан» РСП-ның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы шығарылды.

Партияның мақсаты – саяси жұмыс әдістерімен азаматтық қоғамның дамыған институттары, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізу.

Биыл елімізде «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған «Праймериз» партияішілік  іріктеуі өтті.

Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы "іріктеу" деген ұғымды білдіреді. Кейде "алдын ала сайлау" немесе "алдын ала дауыс беру" деп те атайды. Яғни, жақтастарының арасында алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды.

Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. Батыс елдерде праймериз ашық және жабық түрде өткізіледі. Ашық түрде кез келген адам дауыс бере алса, жабық түрдегі праймеризде тек партия мүшелері ғана дауыс бере алады.

Праймериз туралы Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы наурыз айында өткен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын.

Осылайша халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып Nur Otan партиясы қолданысқа енгізді.

Елбасының жарлығымен тамыздың 17-сі мен қазанның 3-і аралығында өтті. Еліміздің саяси тәжірибесінде алғаш рет өткізілген праймериздің қорытындылары шығып қоғамда қызу талқылануда. Біткен іске сыншы көп дегендей, оны құптайтын және сын айтатындар да жеткілікті. Бірақ партиялар тізімін іріктеудің объективті жолын әлемде әзірше ойлап тапқан жоқ.

Праймеризге 10 990 үміткер қатысқан. Бұл үміткерлердің 70%-ы өзін-өзі ұсынғандар. 30%-бастауыш партия ұйымдары ұсынған.

Үміткерлердің ішінде белгілі қоғам белсенділері, аймақтың бетке ұстарлары, қазіргі депутаттар, тіпті, белгілі спортшылар мен өнер жұлдыздарын да байқауымызға болады. Қатысқан үміткерлердің 36,7% – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар.

Праймериз барысында ерекше көзге түскен Алматы қаласы болды. Олай дейтініміз алматылық үміткерлер үгіт-насихат науқаны басталғалы бері екі мыңға жуық іс-шара өткізген.

Алматылық партия мүшелері медициналық қызмет көрсету саласындағы ең заманауи технологияларды енгізуді, медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығын жетілдіру үшін жағдай жасауды және мемлекеттік медициналық мекемелерде жоғары білікті дәрігерлердің тиімді қызмет етуі үшін ынталандыруды талап етеді.

«Nur Otan партиясы» Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша праймеризға қатысушылардың 30%-ы жастар.

«Саяси өзгерістер мен жаңа көшбасшылар үшін уақыт келді. Қазақстандық қоғамда жаңа тұлғалар мен идеяларға сұраныс пайда болды. Сондықтан бұл жолы біз жастар мен әйелдерді өз қатарымызға тартуға ерекше көңіл бөлеміз. Тіпті, праймеризді өткізу ережесінде тізімде әйелдердің кемінде 30% және 35 жасқа дейінгі жастардың кемінде 20% болуы тиіс деп жазылған. Осылайша, праймериз ең лайықты кандидаттарды таңдауға көмектеседі. Олар өз кезегінде ел тарихында өз ізін қалдырады деп ойлаймын»,– деді Станислав Канкуров.

Сондай-ақ алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Яғни, партия тізімімен түсетін кандидаттар арасында әйелдер мен жастардың үлесі 30% болуы шарт. Бұл, келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеретін әйелдердің көптеп көретіндігіміздің кепілі.

Қорыта айтқанда, праймериз тәсілі негізінде партияның жаңа тұлғалары мен көшбасшыларын іріктеу қалыптасқан «ойын тәртібін» өзгертіп, саяси додаға қатысатын тараптардың қызу таласын жаңа сатыға көтермек. Сондай-ақ болашақта еліміздегі партиялар ішіндегі мәслихатқа және Мәжіліске үміткерлерді іріктеу сәйкесінше облыстық және республикалық телеарналардан тікелей эфирде өткізілсе және онлайн дауыс беру жүйесін қамтыса праймериз тәсілінің де тиімділігі артар еді.

МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ҚҰР ҚАЛМА!

БІЗДІҢ TELEGRAM-ҒА ЖАЗЫЛ!

Өзге де өзекті мақалалар:

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: