Досым Сәтбаев: Путин жау іздеп жүр

Желтоқсан 23, 2020 | 216 |

Ресейдің беделді қоғам қайраткері – оппозицияның көрнекті серкесі Навальный «маған кім у бергенін білемін» деп жаһанға жария етті. Әлеуметтік желілер арқылы бір емес, екі әшкерелеуші видео-үндеу таратты.

E-GAZET.Біріншісінде ол өзін ресейлік арнайы қызметтің аңдығанын, олардың аты-жөндерін, қызметтерін, мамандықтарын, қайда барса да, ізінен бір елі өкшелеп қалмай жүргендерін, тіпті жендеттерінің фото-суреттерін де көрсетті.

Ал екінші видеода Навальный жоғары технологияны пайдалана отырып, ФСБ басшысының кейпіне еніп, у берген арнайы қызмет өкілін алдап, оқиғаның егжей-тегжейін сұрап, жауап алған.

Путин қанша жалтарып, мойындамағанымен, Навальныйдың екпіні қатты. Дәлелдері нық.  Ресейді айтпағанда, ел сарапшыларының ішінде бұл оқиға түрліше баға беріліп жатыр. Мәселен, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Nege.kz тілшісіне: «Путинге Навальный қарсылас емес. Сондықтан Кремль қожайына ондай бұйрық берудің қажеті шамалы. Бұл оқиғаның астында үлкен саяси ойын жатыр», – деп қысқаша пікір білдірді.

Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаевтың пікірі бұған мүлде кереғар. Төмендегі сұхбатында бұл анық аңғарылады.

Д.Сәтбаев.

– Навальный өзін өлтірмек болған Ресейдің арнайы қызметі екенін, оларға Путиннің бұйрық бергенін ашық мәлімдеп отыр. Бұған не дейсіз?  

– Ресейдің арнайы қызметінің «у берді» деп айыпталып отырғаны бірінші мәрте емес. Ұлыбританияда бұрынғы ФСБ қызметкерін полониймен улағаны бар. Скрипальді де уламақ болған. Қызы да зардап шекті. Басқа британдық бейбіт тұрғындар да уланып қалды. Ол кезде Ұлыбритания қатаң реакция білдірген.  Еуроодақ Ресейді «бейбіт кезде химиялық қару қолданды» деп айыптаған-ды.

Мұндай жағдай әр елде қайталанып отырды. Навальный – осы тізбектің жалғасы.

Кремль де у бергенін түбегейлі жоққа шығарып отырған жоқ. Оның «Новичок» деген химиялық у екенін әскери сарапшылар, неміс ғалымдары да дәлелдеді. Меніңше, Навальный Ресейдің арнайы қызметі тарапынан соққы жасайтын нысанаға айналып отыр. Мұндай улы затқа тек арнайы қызметтің ғана қолы жетіп, кәдеге асыра алады. Путиннің өзі Навальныйды «ЦРУ жобасы» деп атады. Мұны Ресейдің үгіт-насихат мәшинесі іліп әкеткені Кремльдің  қатты ызалы екенін көрсетеді. Яғни, Навальныйдың тірі қалғаны, «Новичокпен» улаудың әшкере болып қалғаны оңай тимеген. Өйткені, жағдай бақылаудан шығып кетті. Әрине, бұйрықтың жоғарыдан берілгені түсінікті. Навальный – жалпыресейлік көлемде өте танымал тұлға. Путин мен оның төңірегін аяусыз сынап келеді. Сондықтан оны өлтіруге орта немесе төменгі буындағы адамдар бұйрық бере алмайды. Путиннің бұл сөзі бұған Ресейдің арнайы қызметінің қатысы бар екенін көрсететіндей. Басқаша болса, яғни өзге күштердің қатысы болса, Путинге қылмысты ашып: «Мыналар кінәлі, біз оларды жазаладық» деп көрсету әлдеқайда пайдалырақ болар еді. Путин бұрынғы КГБ қызметкері ретінде арнайы қызметін қорғаштап отыр.

– ТМД елдерінде саясаткерлер мен саясатпен айналысып жүрген адамдардың жұмбақ жағдайда қаза болғаны құпия емес. Жұрт сан-саққа жүгірткенімен, ешкімнің нақты дәлелі жоқ болатын. Бұл жолы бәрі басқаша. Ал Навальный бір емес, бірнеше дәлел келтіріп отыр. Жағдай енді қалай өрбімек? Батыс қалай әрекет етпек? Санкцияларын күшейте ме?

– Ресей қолайсыз кезеңді басынан кешіріп жатыр. Өйткені, АҚШ билігіне демократ Джо Байден келді. Өздеріңіз білетіндей, демократтар Ресейге қарсы өте қатаң саясат ұстанады. Олар Ресейді басты қарсылас деп есептейді. Ал Трамп «АҚШ-тың басты қарсыласы» деп Қытайды атайтын еді. Байденнің билікке келуі Ресейдің жағдайын қиындатады. «Санкциялар әлсірейді деу» – аңғалдық. Керісінше, қатаңдай түсуі ықтимал. Тіпті, Трамптің кезінде АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар жобасын қарастыра бастаған. Оны «тозақ пакеті» деп аталған. Өйткені, ол өте қатаң шараларды қарастырады. Сондықтан Ресей экономикасына ауыр соққы болып тиетін еді.

В.Путин.

Бірақ Навальныйды улағанға дейін АҚШ Ресеймен келіссөз жүргізуге талпынды. Еуроодақ та солай етті. Германияда «Ресеймен қарым-қатынасты қайта орнататын кез болды» деген ой жиі айтылатын. «Бәлкім, бұл елмен жаңа ойын ережесін ойластырып көрерміз» дегендей. Навальныйды улағаннан кейін тараптар бір-бірінен алшақтап кетті.

Улау дерегі Ресейдің ішкі ісі болудан қалып, халықаралық деңгейге көтерілді. Германияның өзі Ресейге қатысты қатаң саясат ұстана бастады. Бастапқыда Еуроодақты Ресейге қарсы қатаң санкция салуға шақырып жүрген Ұлыбритания ғана еді. Германия сақтық танытып келген. Ангела Меркельдің  орнына кім келсе де, неміс саясаткерін «Ресеймен жаңа қарым-қатынас бастайық» деп айта алмайтын болады. Навальныйды улау Ресейді одан әрі оқшаулай түседі.

– Ресей не істемек, сонда?

– Ресей Қытайға жақындай түседі. Бірақ Қытай Батыспен ат құйрығын кесісуге мүлде мүдделі емес. Өйткені, Қытайдың басты клиенті мен серіктесі – Батыс. Джо Байден жеңгенде, Қытай қатты қуанды. Путин болса, Трамптың кеткені қайғырып, Байденнен қауіп көріп отыр.

Сондықтан Ресейдің Батысқа қарсы тұру ұранын Қытай қолдай қоймайды. Бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымынан да анық көрініс берді. Ресей ШЫҰ-ны ҰҚШҰ баламасы ретінде батысқа қарсы тұратын ұйымға айналдырғысы келді. Ал Қытай бұған бар күшін салып, қарсы тұрды. «Ұйым «Жібек жолы» экономикалық белдеу жобасын іске асыруға ғана жәрдемдесуі керек» екенін айтты. Меніңше, бұл жоба – Орталық Азия елдерінің мойнына салынған қыл арқан. Қырғызстан мен Тәжікстанды шаш етектен қарызға батырды. Ресейдің мұндай экономикалық мүмкіндігі жоқ.

Бір сөзбен айтқанда, Ресей ақымақтығы мен геосаяси амбициясының кесірінен тұйыққа тіреліп отыр.

– Ресей қоғамы бұған қалай қарайды?

– Бұл елге ешқандай пайдасы жоқ. Ал Путинге пайдалы. Қазіргі таңда Путиннің мақтанатындай ештеңесі жоқ. Экономикасында өсім байқалмайды. Саяси жүйесі тиімсіз. Жемқорлық асқынып тұр. Шешімін таппай тұрған түйткілдер аз емес. Пандемияның өзі экономиканы тұралатып тастады. Зейнетақы реформасы сәтсіз өтті. Қазір «Қырым – біздікі» деген ұран жұмыс істемейді. Көп ресейліктер «Мақұл, Қырым біздікі дейік. Сосын не болмақ?» деген сауал қоя бастады. Путиннің рейтингі құлдырап барады.

 

Сондықтан олар қоғамды жұмылдыру үшін Батысқа қарсы тұруды күшейте береді. Путин ұдайы жау іздейтін КСРО кезіндегідей жұмыс істеп отыр.

– Дума депутаттарының Қазақстаннан жер даулауының сыры осында ма?

– Никоновтың мәлімдемесі де осы «жау іздеуге» сұранып тұр. Қазақстанды да «Ресейге қарсы» деп жауларының санатына қосып қойды. Ресейдің медиалық құрылымдары Никоновтың сөзін қолдап отыр. Путиннің саясаты жаугершілікке құрылған. Мұны «мобилизациялық қоғам» деп атайды. Яғни, қоғам қандай да бір ішкі және сыртқы жауларға қарсы жұмылады. Путин Навальныйды бекерден-бекер «ЦРУ-дің жобасы» деп атаған жоқ. Оны «Ресейді іштен ірітіп, соққы беруге дайын» ішкі жау ретінде көрсете бастады. Қоғамды жұмылдыру үшін жасанды түрде жаудың бейнесін жасап шығару – арнайы қызметтің сүйікті тәсілі.

Путиннің шеше алмайтын басқа да мәселесі бар. Жас буын өсіп шықты. Бұл буын «біз және олар» деп жаугершілік шақырған Кеңес Одағын білмейді. Жаһанданудың өкілдері. Билік жауып тастағысы келгенде, Павел Дуровтың Телеграм каналын қолдап, көшеге шығып кеткен де – солар. Навальный егделерге де, орта буынға да емес, жастарға арқа сүйеп отыр. Өйткені, жастар оқшау өмір сүргісі келмейді. Әлемнің бір бөлшегі болғысы келеді. Уақыт өте келе өзгерістер болса, бұл буын Навальныйды қолдап шығады. Әзірге күшті қолдау жоқ.

МАҢЫЗДЫ  АҚПАРТТАРДАН  ҚҰР  ҚАЛМА!

БІЗДІҢ TELEGRAM-ҒА ТІРКЕЛ!

Өзге де өзекті жаңалықтар:

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: