1 желтоқсаннан бастап Түркістанға ұшақ қатынайды

Қараша 16, 2020 | 75 |

Түркістан қаласын дамыту мақсатында биылғы мемлекеттік жылғы бюджеттен 161 нысанның құрылысына 124,2 млрд теңге бағытталған.

E-GAZET.KZ.  Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, құрылыс алаңына айналған көне шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ең алдымен халқымыздың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, облыстың экономикалық қуатын арттырары сөзсіз. Біздің мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген әртараптандырылған және технологиялық дамыған экономиканы құру болмақ. Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 53 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Ал, рухани-мәдени орталығында 10 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 6 нысан пайдалануға берілген», -деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Айта кетейік, қалада Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат), Қ.А.Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру, Республикамыздағы алғаш «Халықаралық туризм және меймандостық университеті», желілік саябақ, дендросаябақ және жеке салымшылар тарапынан «Керуен - Сарай» кешені, 3 халықаралық стандартқа сай қонақ үй, мешіт сынды ірі жобалардың құрылыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Өңірдің әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жүргізіліп жатқан Түркістан қаласының халықаралық әуежайының құрылысын атап өтуге болады. Аталған жоба 2019 жылдың шілде айында басталып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында техникалық бөлігі іске қосылды. 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Түркістан қаласына әуе рейстері ұшуды бастайды. Бұдан бөлек, әкімшілік іскерлік орталығында жалпы ауданы 773,6 мың шаршы метр немесе 9 052 пәтерді құрайтын 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл қорытындысы бойынша 40 үйдің құрылысы аяқталып, 1 822 пәтер пайдалануға беріледі», - деді Өмірзақ Шөкеев.

МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ҚҰР ҚАЛМА!

БІЗДІҢ TELEGRAM-ҒА ЖАЗЫЛ!

Өзге де өзекті мақалалар:

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: