Ақтөбе облысындағы Болгарка ауылы газбен қамтылды

Қараша 16, 2020 | 190 |

"ҚазТрансГаз" АҚ Алға ауданының Болгарка және Сарықобда ауылдарында жеткізуші  және көшеаралық газ құбырларының құрылысын аяқтап, мыңнан астам жергілікті тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етті, деп хабарлайды e-gazet.kz тілшісі  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

E-GAZET.KZ. Осылайша ұлттық газ операторының 2015-2020 жылдарға арналған Ақтөбе облысын  газдандыруды жоспарлаған инвестициялық бағдарламасы толығымен жүзеге асырылды. Бағдарламаға бөлінген қаржы 21,8 млрд теңгені құрайды.

Ақтөбе өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Әсет Абиляшевтың айтуынша, Болгарка ауылында 3 газ реттегіш шкафтық пункт, 29 км астам жеткізуші газ құбыры және көшеаралық газ тарату желілері салынды. Тапсырылған нысандар 100-ден астам жеке үй мен 5 коммуналдық-тұрмыстық нысанды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауылда 500-ге жуық адам тұрады.

Болгарка ауылының тұрғыны Сәния Разакованың қуанышы ерекше: «Осы жаққа келін болып түскеніме 40 жыл. Содан бері от жағып келемін. Шәйнегіміздлі ошақ үстіне қайнатамыз. Бұрын отынға қыруар ақша шығарып, көмірмен кіріп, күлмен шығатын едік. Міне, қазір жақсы болды.Үйіміз жылы».

Ауыл тұрғындарын осы қуанышты оқиғамен құттықтай келе, газ мамандары тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері жазылған жадынамалар таратты.

-         Газ келсе, үйге жаз келеді. Бірақ, тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтауды назардан шығармау керек. Жазатайым оқиғаларды талдау барысында олардың барлығы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан және газ аспаптарын пайдалану ережелеріне немқұрайлы қараудан туындайтынын анықтадық. Яғни, оқыс оқиғалардың басым бөлігіне адамдың жауапсыздығы себеп. Газ толық жанып кетпегендіктен тұншықтырғыш газ пайда болады, ол адам үшін өте қауіпті екені белгілі. Себебі бұл газдың иісі де, түсі де, дәмі де жоқ, тітіркендірмейді және ауамен оңай араласады, сондай-ақ үй ішіне кедергісіз таралады. Сондықтан абай болыңыздар! - дейді А.Абиляшев.

Сондай-ақ, Сарықобда ауылында 2 газ реттегіш шкафтық пункт, 26 км астам жеткізуші газ құбыры және көшеаралық газ тарату желілері салынды. 100-ден астам жеке үй мен 3 коммуналдық-тұрмыстық нысан табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысын газдандыру деңгейі 90% асады. 2015 жылмен салыстырғанда өсім 30% құрады. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы инвестициялық жобаны іске асыру аясында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ өңірдің барлық аудан орталықтарын газдандырды.

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: