Ауыл мәртебесі берілетін 13 қаланың тізімі жарияланды

Қазан 29, 2020 | 246 |

Ұлттық экономика министрлігі қала мәртебесінен айырылатын Қазақстандағы аудандық маңызы бар 13 қаланың тізімін жариялады.

E-GAZET.KZ.    Бүкіл республикада жалпы аудандық маңызы бар 48 қала болғанымен, оның 13-де халықтың саны 10 мыңға жетпейді. Сол себепті ел билігі осы қалаларға ауыл мәртебесін бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Еске сала кетсек күні кеше Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірлеген. «Елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің санаттары, жекелеген елдімекендердің атап айтқанда аудандық маңызы бар қалалардың қазіргі мәртебесін толық көлемде көрсетпейді. Бүгінгі таңда 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, себебі қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халқының саны 10 мың адамнан кем емес елдімекендер жатады», - деді заң жобасын оқыған Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова. ҚазАқпарат тілшісі осы ретте республикадағы аудан орталықтарының қайсысы ауыл мәртебесін алатыны туралы Ұлттық экономика министрлігіне сауал жолдап көрген еді. Жауап көп күттірген жоқ. Қала мәртебесінен айырылатын аудандық маңызы бар шағын шаһарлардың тізімі мынадай болып шықты: 1. Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Степняк қаласы (халқының саны 4576 адам); 2. Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Ерейментау қаласы (халқының саны 9736 адам); 3. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державинск қаласы (халқының саны 6159 адам); 4. ШҚО Жарма ауданындағы Шар қаласы (халқының саны 7424 адам); 5. ШҚО Алтай ауданындағы Серебрянск қаласы (халқының саны 8791 адам); 6. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қарқаралы қаласы (халқының саны 8681 адам); 7. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қазалы қаласы (халқының саны 7736 адам); 8. Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласы (халқының саны 2426 адам); 9. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жем қаласы (халқының саны 1771 адам); 10. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы (халқының саны 6445 адам); 11. СҚО Шал ақын ауданы Сергеевка қаласы (халқының саны 7370 адам); 12. СҚО Мағжан Жұмабаев ауданы Булаево қаласы (халқының саны 8299 адам); 13. СҚО Мәмлүт ауданы Мәмлүт қаласы (халқының саны 6981 адам). Айта кетсек, кеше Әлия Сапарова аудандық маңызы бар қала әкімдері осы қалаларды ауылды елдімекен ретінде қайта құру туралы ұсынысты аудандық атқарушы органдарға енгізетінін мәлім етті. Аудан билігі мақұлдаса, ондағы билік осы ұсынысты облыстық мәслихаттар мен әкімдіктерге жолдайды. Ол ұсыныс облыс деңгейінде қолдау тапса, Үкімет деңгейіне жіберіледі. Үкімет қолдаса, Мемлекет басшысына осыған қатысты тиісті ұсыным енгізіледі. «Аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі берілсе біріншіден ауылдарда еңбек ететін денсаулық сақтау, мәдениет, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт саласындағы қызметкерлердің жалақысына 25 пайыздық үстемеақы қосылады. Екіншіден ауылдағы мектептердің түлектеріне оқуға түсу үшін қабылдау квотасы қарастырылған. Сондай-ақ айта кетерлігі, осындай бағдарламалардың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды елдімекендерге келіп жатқан жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, оларға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие беріледі», - дейді депутат. Әйтсе де, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов аудандық маңызы бар қалаларға ауыл мәртебесін беру мәселесі тек тұрғындардың жиыны арқылы шешілетінін, яғни сондағы халықтың пікірі ескерілетінін хабарлап отыр.

Өзге де соңғы жаңалықтар Telegram желісінде, бізге жазыл! 

Сілтемемен бөлісу
Қалай бөлісуге болады

Біз әлеуметтік желілерде: