Расул Медетов: «Заңсыз баюға» жол жоқ!

Октябрь 17, 2020 | 357 |

Кешегі өткен Праймериз Қазақстанның ауыл-аймақтары мен аудандарында саяси үрдісті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар депутаттыққа жастардың, көпбалалы аналар, еріктілер, мұғалімдер мен дәрігерлердің баруына жол ашты. Тіркелген үміткерлердің 29 %-ы – 35 жасқа дейінгі азаматтар осының айғағы. Осыған орай партияішілік іріктуде Астана қаласының Байқоңыр ауданы бойынша көш бастаған Расул Медетовпен сұхбаттасқан едік

E-GAZET.KZ.. Расул Медетов Батыс Қазақстан облысының тумасы. Дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Оны өсіріп жеткізген анасы – балалар дәрігері. Ол Елбасының жастарды қолдауға арналған сәтті жобаларының бірі «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Шеффилд университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері.

Расул мырза, Праймериз қортындысы бойынша көш бастап тұрған жас қатысушылардың бірісіз. Жалпы, көпшіліктің қолдауына қалай ие болдыңыз?

Сұрағыңызға рақмет! Алда болуымның басты себептерінің бірі – менің сайлауалды бағдарламам. Ол негізінен 8 пункттен тұрды. Одан бөлек партия ұйымдастырған әрбір кездесуге қалмай қатыстым. Мәселен, біздің аудан бойынша 54 кандидат болса, оның тек оншақтысы ғана күнделікті кездесулерге қатысып жүрді. Солардың бірі мен болдым. Сонымен қатар қазіргі ахуалға байланысты көп кездесулерім онлайн форматта өтті. Одан бөлек әлем желінің әлеуетін жақсы пайдалана білдім деп ойлаймын. Кездесу барысында өзімнің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсыныстарымды жеткізіп, бірқатар үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Праймеризге дейінгі уақытымды Байқоңыр ауданындағы жағдайы төмен отбасыларды аралап, аудандық әкімдікпен бірге қолымнан келгенінше мәселелерін шешуге арнадым. Жалпы өзім де қарапайым отбасыдан шыққандықтан, талай қиындықты бастан өткергенмін. Тіпті, үйленгенше ата-атаммен 1 бөлмелі пәтерде де жатақханада да тұрдық. Бүгінге дейін еліміздің 6 өңірінде қызметте болдым. Сондықтан да әрбір аймақтағы әлеуметтік осал топтың, орта және жоғары деңгейдегі топтардың мәселелерін жақсы түсінемін. Сайлауалды бағдарламамды соған сәйкес жасадым. Мәні жоқ құрғақ уәде бергім келмейді. Қазіргі проблемалардан толық арылтамын деп те айта алмаймын! Алайда, өзімнің сайлауалды бағдарламамда келесі нақты міндеттемелерді орындауды көздеймін:

  1. Бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын көтеру. (білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, коммуналды қызмет жұмысшылары мен басқа да мемлекетке қарасты кәсіпорын қызметкерлері) Жұмыс күштерінің жағдайын жақсартатын уақыт жетті!
  2. Мемлекеттік бюджетке тәуелді ұйымдар жанынан қызметтік баспана салу. Барактар мен көне үйлерді бұзу арқылы, орнына көппәтерлі үйлер мен жатақханалар тұрғызуды қолға алу.
  3. 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақының мерзімін ұзарту. Тәжірибе көрсеткендей, жәрдемақы бала 1 жасқа келгенде тоқтайды да, анасы сәбиін үйде қалдырып, оны асырау үшін жұмысқа шығуға мәжбүр. Біздің еліміз үшін демографиялық өсім маңызды болғандықтан, аналар 3 жасқа дейін сәби күтімімен үйде отырып, осы уақытта мемлекеттен тиісті жәрдемақы алуға толық құқылы.
  4. Қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту. Автобустар санын көбейтіп, аялдама пункттеріндегі павильондарды жабдықтау.
  5. Әлеуметтік теңсіздікті жою. Астананың аудандарына мемлекеттік бюджет қаржысының тең бөлінуін қамтамасыз ету. Соған сәйкес, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту.
    Байқоңыр ауданында балалар мен ересектерге арналған емханалардың құрылысына ерекше назар аудару керек.
  6. Аудан аумағында азаматтардан ақпаратты жылдам алуын қамтамасыз ету мақсатында 24/7 режимінде жұмыс істейтін оффлайн кеңсе ашу. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде, нақты Instagram-да @rassul_medetov_ және Facebook-та @Расул Медетов парақшаларында азаматтар үшін үнемі байланыста болу. Мұндай алаңдардың мақсаты – тұрғындармен өзекті мәселелерді талқылау, бірігіп шешімін іздеу. Халыққа қызмет ететін тұлға әрқашан ашық болу керек!
  7. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңа әдіс-тәсілдер енгізу: құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жемқорлық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту, кәсіби сатқындыққа бармайтынын міндетті түрде тексеру, кірістері мен шығындары туралы Декларация тапсыруды Заң тұрғысында бекіту. 
  8. Жас кәсіпкерлікті қолдау мен жас мамандардың жұмысқа орналасу механизмін жетілдіру. Ол үшін салалар бойынша жастар пулын құру, жас стартаптарды қолдау үшін гранттар тағайындау, жұмыспен қамту Орталығымен бірігіп синергизмді іске қосу.

 

Праймериз басталғанда көп адамдар сенімсіздік танытып, “бұл - Нұр Отан партиясының тарапынан жасалып жатқан көзбояушылық” деген сынды пікірлер болғаны рас. Қалай ойлайсыз мұндай пікірлердің қалыптасуына не түрткі болды?

Әрине ондай пікірлер болды. Ол халықтың белгілі бір дәрежедегі билікке деген сенімсіздігінің негізінде деп білемін. Бірақ қазіргі таңда елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен де бірқатар жаңа бастамалар жасалып жатыр. Ақшалар да бөлінуде, реформалар да енгізілген. Алайда, өкінішке қарай бес саусақ бірдей емес. Қазақ айтпақшы «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Кейбір жеп қоятын, бүлдіріп қоятындардың салдарынан қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімі азаяды. Ол бірінші мәселе. Екіншіден, бізде «танысы барлар праймеризден өте алады. Ақшасы барлар бар мәселені шешіп тастайды» деген стереотип қалыптасып қалған. Сондай адамдар ешқашан әділдікке, адалдыққа сенгісі келмейді. Праймеризге қатысар алдын менде де «өте аламын ба екен?» деген күмән болды. Бірақ қатысу арқылы мен толық түрде әділдік болды дей аламын. Жеке менің жағдайымда билік немесе партия тарапынан араласу болған жоқ. Барлығы ашық және әділ түрде болды және кімнің дайындығы мықты солар оза шапты. Өкінішке қарай кейбір азаматтарымыз өте алмаса, олар өздерінің саяси мүмкіндіктерін толық пайдалана алмаған шығар. Өйткені кейбіреулер тек қана әлеуметтік желілерге сеніп қалды. Кездесулерге де бармады.

Бір сұхбатыңызда “Еліміздегі басты мәселе - жемқорлық” деген екенсіз. Мәжіліске бару арқылы бұл проблеманы шеше аламын деп ойлайсыз ба? Қандай ұсыныстарыңыз бар?

Күні кеше бір саясаткерлің сұхбатын оқыдым. Ол кісінің айтуынша, парламенттегі депутаттардың көбісінің заңи білімдері жоқ. Әрине, парламент заң шығарушы орган болғандықтан депутаттардың заң жағынан хабардар болғаны дұрыс деп есептеймін. Дегенмен де менің ойымша билік басынла әр саланың адамы болғаны дұрыс. Мәселен, дәрігерлер, мұғалімдер деген сияқты. Өйткені олар сол салада жұмыс істегендіктен, сол саланың мәселерін біледі және оны көтере алады. Біздің мемлекетке шетелде бар «заңсыз баю» деген институтты енгізу қажет. Егер де кез-келген мемлекеттік қызметші не сонымен теңестірілген тұлға, өзінің көлігін, қымбат үйін қай ақшаға алғанын дәлелдей алмайтын болса, онда ол заңсыз баю деп есептеліп, мемлекеттен тәркіленеді. Осы тәжірбиені неге бізге енгізбеске? Одан бөлек бүкілхалықтық деклорацияны енгізуіміз керек. Бізге көпшілік тарапынан «лауазымды азаматтарға, оның көлігін, үйін қайдан алғанын неге сұрамайсыздар?» деген сұрақтар келіп жатады. Біз оны сұрай алмаймыз. Себебі ол ағам немесе туысым алып берді деуі мүмкін. Ал «заңсыз баю» бойынша алып берген адамдар да тексерілер еді. Осы үшін бізге деклорация қабылдап, жемқорлық субьектілерін көбейту қажет. Мәселен, Сингапурда кез-келген азамат жемқорлық субьектісі болып табылады. Ал бізде олай емес.

Қазіргі Қазақстандағы жемқорлық фактілерінің тіркелу деңгейі қалай?

Халықаралық дәрежеде қарайтын болсақ, бүгінгі таңда біз жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеміз. Былтырғымен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 7 %-ға төмендеді. Одан бөлек «Transparency International» деген халықаралық ұйымның статистикасы бойынща былтыр 124 орында болсақ, биыл 113 орынға көтерілдік. Бұл дегеніміз өте жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар жақында Дүниежүзілік Банкітің мәлімдемесіне сай соңғы 3 жылдың ішінде 2 есе дамыппыз. Осыдан 3 жыл бұрын бізде 19 percentage болса, қазір 44-ке жетіп отырмыз. Оның бәрі  жүзгіліп жатқан жұмыстар мен жасаланып жатқан реформалардың, сыбайлас жемқорлықпен күрестің әсерінен.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

 

Рысбек Арапханұлы

 

Поделиться ссылкой
О том, как поделиться

Мы в социальных сетях