Ресми жауап: Ұйғыр ауданының аты қашан өзгереді?

Октябрь 16, 2020 | 204 |

 

Ұйғыр ауданының атын Қарадала, Шонжының атауын Әлмерек деп өзгерту туралы ұсыныстардың айтылып жатқанына талай жыл жүзі болды.

E-GAZET.KZ.  Қазір де халықтың көкейіндегі маңызды мәселе Ұйғыр ауданының атауын өзгерту болып тұр.

Маусым айында қазақ-ұйғыр жастарының арасында қақтығыс болып, оқиғаға облыс әкімінің өзі араласқан-ды. Арнайы осы өңірге ат басын бұрған Амандық Баталовтың «аудан атауын өзгерту» мәселесін Мемлекет басшысына жеткіземін деген уәдесін де ешкім ұмыта қойған жоқ.

Әлеуметтік желіде Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге байланысты Ұйғыр ауданының әкіміне Амандық Баталовтың атынан ресми хат жолданғаны туралы ақпарат жарияланды.

Желі қолданушысы Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың ұйғыр ауданы әкімі Нурахунов Шухраттан ауданның атауын ауыстыру туралы сұрағаны өз уәдесінен таю амалы ма деп те жазған болатын.

Осы жағдайға байланысты Nege.kz редакциясы Алматы облысы әкімдігіне ресми хат жолдады.

Біздің: «Уәде бойынша, Шонжы атауын Әлмерек, Ұйғыр ауданын Қарадала деп өзгерту ұсынысы қандай деңгейде қаралып, қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?  Бұл мәселе Жоғары жаққа жеткізілді ме?», - деген сауалымызға әкімдіктен нақты жауап келмеді. Дегенмен, әкімдік бұл сұрақтарды Облыстық Тілдер дамыту жөніндегі басқармасына жолдағанын жеткізді.

Тілдер дамыту жөніндегі басқармасының Ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысынан төмендегідей жауап келді.

«Еліміздегі әкімшілік-аумақтық бірліктерге (аудан, қала) атау беру және қайта атау мәселелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде тиісті ономастика комиссияның отырысында қаралады», - деп көрсетілген.

Осы ретте Ұйғыр ауданы әкімдігі тарапынан аудан атауын өзгерту мәселесі бойынша тиісті құжаттар келіп түскен жағдайда, белгіленген тәртіпке сәйкес комиссияның қарауына жолданатындығы да айтылған.

 

Демек, аудан атауын өзгерту үшін Ұйғыр ауданының әкімдігі тиісті құжаттарды өткізуі шарт. Тілшіміз осы мәселе бойынша Ұйғыр ауданының әкімдігіне хабарласқан болатын. Алайда, ол жердегілер мардымды жауап қайтармады. Бұл мәселе жиналыста қаралғанын, оған тек облыстың ғана құзыреті жететінін мәлімдеді. Ал баспасөз қызметкері бұл сауал бойынша кейінірек жауап беретінін жеткізді. 

Ресми хатта көрсетілгендей, Ұйғыр ауданының атауын ауыстыратын күн алыс сияқты.

«Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Е. Қошановтың 2019 жылғы 21 қыркүйектегі №19-377-4 тапсырмасына сәйкес Республика өңірлері халқының ұлттық сынағын уақытылы және сапалы өткізу мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату мен қайта құру және елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (көшелерге) атау беру, атауын өзгерту жұмыстарына уақытша шектеу қойылған», - делінген ресми жауапта.

Сол себепті ауылдарға, көшелерге атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар белгіленген мерзім өткеннен кейін қаралады екен.

Ауданның атын өзгерту мәселесі тек Алматы облысы әкімінің құзыретінде емес. Ол президентің құлағына жету керек емес пе? Өткен аптада ғана Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанын білеміз. Бәлкім, сол кезде облыс әкімі президенттің құлағына сыбырлап болса да жеткізген шығар?! Ол жағын нақты білмейміз. Уәденің орындалып, Президенттің хабардар болу-болмауын әкімдіктегілер ашып айтпады. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша сауалымызды өзге жаққа жолдамай, өздері нақты жауап береді деген үміттеміз.

Поделиться ссылкой
О том, как поделиться

Мы в социальных сетях